Новости

ӘСЕМ ОРЫНБАЙ ӘЛЕМ КУБОГІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

ӘСЕМ ОРЫНБАЙ ӘЛЕМ КУБОГІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден Әлем кубогінде отандасымыз Әсем Орынбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты.

Ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасының финалында 51 ұпай жинап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Күміс жүлдені 50 ұпай алған италиялық мерген Кьяра Ди Марциантонио иеленсе, қола медаль Дания Джо Вицциге (АҚШ) бұйырды. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы бағдарламада бақ сынаған 3 дүркін Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд (АҚШ) жүлдеге бір табан жетпей тоқтады.

«Әсем Орынбайды Әлем кубогі жарысындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Әсем үшін өте табысты маусым болды. Мәселен, ол Қытайдағы Азия ойындарында екі алтын, бір қола медаль жеңіп алса, міне арада көп уақыт өтпей Әлем кубогінде қарсылас шақ келтірмеді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Отандасымыз алдағы байрақты бәсекелерде де жанкүйерлерін қуантып, үздіктер қатарынан көрінетініне сенімдімін. Нысана көздеудегі бұл жеңіс осы спорт түрімен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады», — деді Ермек Маржықпаев.

Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырып отыр. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынап жатыр. Қазақ мергені қазір ISSF рейтингінде 7-орында келе жатыр.

@ermek_marzhyqpaev

Последние фотографии

Последние видео