СТЕНД АТУДАН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
Елордада стенд атудан Қазақстан Кубогының үшінші кезеңі басталды.
Байрақты бәсекеде сұрмергендер спорттың скит және спортинг түрлері бойынша сынға түседі. Оған бас-аяғы 100-ден аса спортшы жиналды.
Іс-шараның ашылу салтанатына МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова, ҚР ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, Стенд атудан құрама басшысы Дина Шарипова қатысты.
«Стенд ату — Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрі. Нысана көздеу бойынша 2024 жылы Париж Олимпиадасында 15 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Қазіргі уақытта ұлттық құраманың көшбасшылары Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында ел намысын қорғап жатыр. Қуанышымызға қарай, пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Ислам Сатпаев ел атынан Париж Олимпиадасының жүлдесін иеленген алғашқы спортшылардың бірі атанды.
Сіздер де осы додада біліктіліктеріңізді арттырып, биік нәтижелерге қол жеткізулеріңізді тілеймін!» — деді, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.
Турнирге Астана, Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Павлодар, Қызылорда облысының мергендері қатысып жатыр.
Бүгінгі күнге дейін «Скит» бағдарламасы бойынша жарыс өз мәресіне жетті. Ерлер арасында Богдан Скутельников, Айк Авагян, Сергей Качанов жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Дарья Дынник алдына жан салмаса, Ольга Хасянова мен Рината Насырова жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ал командалық ерлер сайысында Астана қаласы чемпион атанса, әйелдер арасында Шымкент қаласы топ жарды.
Жалпы жүлде кестесі бойынша, әзірге Астана қаласы мен Шымкент қаласы 3 алтынмен көш бастап тұр.
Енді осы сұрмергендер қазан айында Шымкент қаласында бас қосып, Қазақстан кубогының шешуші, яғни төртінші кезеңінде жеңімпаздарын анықтайды.
Жарыс 27 тамызға дейін жалғасады.